Инсульттің алдын алу: емханада ашық есік күні өткізілді

Емханада инсульттің алдын алу, алғашқы белгілерін ерте анықтау және уақтылы медициналық көмекке жүгіну мәселелеріне арналған ашық есік күні өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың инсульт туралы хабардарлығын арттыру, аурудың қауіп факторлары мен алдын алу жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Ашық есік күні аясында келушілермен жеке әңгімелесулер жүргізіліп, инсульттің негізгі қауіп факторлары, оның ішінде артериялық қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ және қимыл-қозғалыстың аздығы туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар қатысушыларға инсульттің алғашқы белгілері: беттің бір жағының қисайуы, қол-аяқтың кенеттен әлсіреуі немесе ұюы, сөйлеудің бұзылуы сияқты белгілер түсіндірілді. Мұндай жағдайларда уақыт жоғалтпай, дереу 103 нөміріне жедел жәрдем шақыру қажеттігі ескертілді.

Келушілерге салауатты өмір салтын ұстану, қан қысымын тұрақты бақылау, дұрыс тамақтану және профилактикалық тексерулерден уақтылы өту жөнінде ұсыныстар берілді.