Инсульт — қан тамырының бітелуі немесе жарылуы салдарынан пайда болатын ми қан айналымының жедел бұзылуы. Бұл бүкіл әлемде өлім-жітім мен мүгедектікке әкелетін негізгі аурулардың бірі.
Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес ұйымының (WSO) мәліметінше, әлемдегі әрбір төртінші адамның өмір бойы инсульт алу қаупі бар.
Инсульттің алғашқы белгілерін қалай тануға болады?
Бет. Беттің кенеттен қисайып, ауыздың бір бұрышының төмен түсуі. Адамнан күлімсіреуін сұраңыз.
Қолдар. Бір қолдың кенеттен әлсіреуі немесе ұюы. Адамнан екі қолын бір уақытта көтеруін сұраңыз.
Сөйлеу. Сөздің түсініксіз шығуы, сөздерді айту немесе өзгелердің сөзін түсіну қиындығы.
Уақыт. Осы белгілердің кем дегенде біреуі байқалса, дереу 103 немесе 112 нөміріне қоңырау шалып, жедел медициналық көмек шақырыңыз.
Инсульттің басқа да белгілеріне көру қабілетінің кенеттен бұзылуы, бас айналу, тепе-теңдікті жоғалту немесе қимыл-қозғалыс үйлесімділігінің бұзылуы жатады.
⚠️ Белгілердің өздігінен басылуын күтпеңіз. Адамның жағдайы тез жақсарған күннің өзінде шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет. Емдеу неғұрлым ерте басталса, ауыр асқынулардың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Инсульт қаупін қалай төмендетуге болады?
✅ Артериялық қан қысымын тұрақты түрде бақылаңыз.
✅ Темекі шегуден бас тартып, темекі түтінінің әсерінен аулақ болыңыз.
✅ Дене белсенділігін жеткілікті деңгейде сақтаңыз.
✅ Қандағы холестерин мен глюкоза деңгейін бақылаңыз.
✅ Теңгерімді тамақтанып, тұзды тұтынуды шектеңіз.
✅ Жүрек аурулары, қант диабеті және артериялық гипертензия кезінде дәрігерге уақтылы қаралыңыз.
Есіңізде болсын: инсульт кенеттен пайда болуы мүмкін, алайда оның көптеген қауіп факторларын бақылауға болады.
❤️ Инсульттің алғашқы белгілерін білу және медициналық көмекке дер кезінде жүгіну адам өмірін сақтап қалуы мүмкін!



