Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «№8 қалалық емхана» МКК ұжымы үшін қуанышты жаңалық орын алды.
Емхананың №2 отбасылық денсаулық орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Тоқтыбаева Ләззат Қанибекқызы медицина саласындағы көп жылғы адал еңбегі, кәсіби біліктілігі және алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін жоғары марапатқа ие болды.
Ләззат Қанибекқызы «2026 жылдың ең үздік жалпы тәжірибе дәрігері» республикалық байқауына қатысып, үздіктер қатарынан көрініп, «Жаңа күннің дәрігері» аталымының жеңімпазы атанды.
Дәрігердің кәсіби жетістіктері оның күнделікті жұмысының нәтижесі болып табылады. Ол қызмет көрсететін учаскеде профилактикалық жұмыстың тиімді ұйымдастырылуының арқасында ана мен нәресте өлімі тіркелмеген, сондай-ақ онкологиялық аурулардың асқынған жағдайлары мен туберкулездің кеш анықталған жағдайлары орын алмаған. Бұл – алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапалы ұйымдастырылғанының және халық денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрсеткіші.
Әріптесіміздің жоғары жетістігі – тек жеке еңбегінің ғана емес, сонымен қатар емханамыз ұжымының кәсібилігі мен пациенттердің денсаулығын қорғауға бағытталған ортақ жұмысының нәтижесі. 




