25 қараша күні №8 мектепте оқушыларға арналған «АИТВ/ЖИТС: білу – өмір сүру» тақырыбында профилактикалық дәріс өткізілді.
Кездесу барысында оқушыларға АИТВ инфекциясы, оның жұғу жолдары, алдын алу шаралары және уақтылы тестілеуден өтудің маңыздылығы туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, қауіпсіздік шараларын сақтау және АИТВ туралы кең таралған қате түсініктерді жоққа шығару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ оқушыларға АИТВ инфекциясының тұрмыстық қарым-қатынас, қол алысу, құшақтасу және оқу құралдарын ортақ пайдалану арқылы жұқпайтыны түсіндірілді. Уақтылы диагностика мен заманауи емдеу әдістері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің АИТВ инфекциясы туралы ақпараттану деңгейін арттыру, денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және инфекцияның таралуының алдын алу.
АИТВ туралы білу – өзіңді қорғау және болашағыңа қамқорлық жасау деген сөз!




