Адам репродукциясының орталығы 1993 жылдан бері әйелдер мен еркектердің бедеулігін емдеуде жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді. Атап айтқанда, еркектердің репродуктік функцияларының бұзылуына қатысты нақты диагнозын қойып емдеу уроандрология, сексопатология, әйел үшін жүктілік мерзімінің ауыр өтуі, климаксты кезең, гинекологиялық эндокренология, отбасын жоспарлау, медико-генетикалық кеңес беру және тұқым қуалайтын ауруларды анықтауды жүзеге асырып келеді.
Сондай-ақ, жасөспірім және жас қыздар гинекологиясы, репродуктік функциялары бұзылған адамдарға стационарлық көмек көрсету, жүктілікті 12 аптаға дейін тоқтату және генетикалық ауытқулар анықталған жағдайда 22 аптаға дейін жүктілікті үзу, гинекологиялық-лабораториялық зерттеулер мен тұқым қуалайтын және тағы басқа ауруларды іште жатқанда лабораториялық зерттеулер жүргізу арқылы анықтау сияқты қызметтер көрсетеді. Қазіргі отбасын құрған жастардың тек 12-15 пайызы ғана балалы болуға алдын ала дайындалады. Көбіне әйелдер ешқандай дәрігерлік тексерулерден өтпестен жүкті болып жатады.
Ал, бала көтеруге рухани ғана емес, сонымен қатар, физикалық дайындық та қажет. Әйел бала көтерместен үш ай бұрын дайындалуы тиіс. Ерлі-зайыптыларға әртүрлі витаминдер қабылдап, профилактикалық тексерулерден өтуге кеңес береміз. Ал, әйел адам гинекологиялық аурулармен қатар тістерін де емдеткені жөн. Сонымен бірге, майлы тағамдарды аз қолданып, көбіне витаминдер жегені жөн.Қазіргі заманның талабына сай әдістерді қолдана отырып, іште жатқан сәбидің қалай дамып келе жатқанын анықтауға мүмкіндік бар. Бірақ, айта кететін жайт, әйелдің дүниеге сау бала әкелуі оның жас мөлшері мен жүкті болар алдындағы қандай да бір дайындық жұмыстарын жүргізгеніне тығыз байланысты.
Сондай-ақ, әйелде вирустың болуы, тератогендік әсері бар препараттарды пайдалану, спирттік ішімдіктер қолдану мен темекі шегу, дұрыс тамақтанбау және зиянды заттармен жұмыс жасау да оның дүниеге сау бала әкелуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан, жүкті әйелдің жоғарыда атап өткен жайттардан сақ болғаны абзал. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының берген мәліметіне қарағанда, отбасын құрған жұбайлар бір жыл бойына бала көтере алмаса, сол отбасы бедеу болып саналады. Ал, біздің орталықта ондай жұбайлар диспансерлік есепке алынып, арнайы дәрігерлер тексеруінен өтіп, ем қабылдайды.
Сонымен қатар, өздігінен түсік жасаған әйелдер де арнайы есепке алынады. Соңғы он жылда репродукция саласында медицинаның қарқынды дамуы арқасында бедеулікті түрлі жолдармен емдеуге болады. Алайда, ол бедеуліктің неден болғанына да байланысты. Егер бізден қабылдаған ем бала көтеруге әсер ете алмаса, онда ұрықтандыру орталығына жібереміз.
– Соңғы кездері жас отбасында ер адамдардың бедеу болуы медициналық және әлеуметтік маңызы бар мәселеге айналып отыр. Бірінші кезекте, ер адамдар арасында белсіздіктің болуына жыныстық қатынас арқылы жұғатын түрлі инфекциялық аурулар себеп болып жатады. Екіншіден, психологиялық стресс, үшіншіден, салауатты өмір салтын сақтамау ер адамдардың бедеу болуына әкелетін жағдайлар болып саналады.
Жастардың денсаулығы орталығы жастарға денсаулығын жақсарту мақсатында жоғары сапалы медициналық және психологиялық көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, салауатты өмір сүруге үйретіп, ақпараттық қызмет көрсетеді. Жасөспірімдер урологтан, балалар гинекологы мен психологтан тегін кеңес ала алады. Сондай-ақ, лабораториялық зерттеулер жүргізіледі. Орталықта отбасын жоспарлау кеңсесі жұмыс жасайды. Онда жастар контрацептік дәрілерді қолдану әдісі туралы ақпаратқа қанығып және ол дәрілерді тегін ала алады.