Холестерин – адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті май тектес зат. Ол жасуша мембраналарының құрамына кіреді, гормондардың түзілуіне және майлардың қорытылуына қажетті заттардың өндірілуіне қатысады.
Ағзаға қажетті холестериннің негізгі бөлігін бауыр өзі өндіреді. Сондықтан қандағы холестерин деңгейі тек тамақтануға ғана емес, сонымен қатар тұқымқуалаушылыққа, өмір салтына және жалпы денсаулық жағдайына да байланысты.
Холестериннің қандай түрлері бар?
Холестерин қан арқылы липопротеиндер деп аталатын арнайы бөлшектердің көмегімен тасымалданады. Олар шартты түрде екі негізгі түрге бөлінеді:
- ТТЛП (тығыздығы төмен липопротеиндер) – «жаман» холестерин. Оның деңгейі жоғары болған жағдайда холестерин қан тамырларының қабырғаларында жиналып, атеросклероздық түйіндақтардың пайда болуына ықпал етеді. Бұл қан тамырларының тарылуына және қан айналымының бұзылуына әкелуі мүмкін.
- ТЖЛП (тығыздығы жоғары липопротеиндер) – «жақсы» холестерин. Ол артық холестеринді қан тамырларынан бауырға тасымалдауға көмектеседі. Дегенмен ТЖЛП деңгейінің жоғары болуы жүрек-қан тамырлары ауруларынан толық қорғайды дегенді білдірмейді.
Неліктен холестерин деңгейін бақылау маңызды?
Қандағы холестерин деңгейінің жоғарылауы көбінесе ешқандай айқын белгі бермейді. Адам өзін жақсы сезінгенімен, қан тамырларында атеросклероздық өзгерістер жүріп жатуы мүмкін.
Уақыт өте келе холестеринді түйіндақтар қан тамырларының саңылауын тарылтып, қан айналымын қиындатады. Бұл миокард инфарктісі мен инсульттің даму қаупін арттырады.
Сондықтан холестерин деңгейін уақтылы тексеру және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу маңызды.
Холестерин деңгейі қалай анықталады?
Қандағы холестерин көрсеткіштерін бағалау үшін липидограмма деп аталатын зертханалық талдау жүргізіледі. Ол жалпы холестерин, ТТЛП, ТЖЛП және триглицеридтер деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері адамның жасына, денсаулық жағдайына және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупіне қарай дәрігер тарапынан бағаланады.
Холестерин деңгейін қалыпты ұстау үшін не істеу керек?
Холестерин деңгейін бақылауға және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін төмендетуге көмектесетін негізгі шаралар:
- Қаныққан майларды шектеу және өнеркәсіптік трансмайларды тұтынудан бас тарту;
- Көкөністерді, жемістерді, тұтас дәнді өнімдерді, бұршақ дақылдарын және тағамдық талшықтарға бай өнімдерді көбірек тұтыну;
- Тұрақты түрде дене белсенділігімен айналысу;
- Темекі шегуден бас тарту;
- Дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау;
- Дәрігердің ұсыныстарына сәйкес профилактикалық тексерулерден өту.
Есіңізде болсын! Холестериннің жоғары деңгейі ұзақ уақыт бойы белгісіз өтуі мүмкін. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, қандағы холестерин деңгейін уақтылы тексеріп отырыңыз. Аурудың алдын алу – денсаулықты сақтаудың маңызды қадамы.



