Оқушылардың денсаулығын сақтау және нығайту мәселелері бойынша хабардарлық деңгейін арттыру мақсатында «Сенім» жастар денсаулық орталығының мамандары жасөспірімдердің репродуктивтік және психикалық денсаулығына арналған ақпараттық-ағартушылық семинарлар өткізуде.
Репродуктивтік денсаулыққа арналған семинарлар барысында жыныстық жетілу кезеңіндегі ағзада болатын жас ерекшеліктеріне байланысты өзгерістер, жасөспірімдердің физикалық және эмоционалдық даму ерекшеліктері, жеке бас гигиенасын сақтау, салауатты әдеттерді қалыптастыру және инфекциялық аурулардың алдын алу мәселелері қарастырылады. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және қажет болған жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгінуге ерекше назар аударылады.
Оқушылардың психикалық денсаулығын нығайту мақсатында «Өзіне деген сенімділікті арттыру және жеке шекаралар» тақырыбында сабақтар өткізіледі. Сабақ барысында оқушылар өзін-өзі бағалау ұғымымен танысып, өз эмоциялары мен қажеттіліктерін түсінуге, өзіне деген сенімділікті дамытуға, пікірін ашық білдіруге, сондай-ақ құрдастарымен және ересектермен қарым-қатынаста жеке шекараларын қорғауға үйренеді. Сонымен қатар өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнату, қажет жағдайда «жоқ» деп айта білу, психологиялық қысымға қарсы тұру және салауатты тұлғааралық қатынастарды қалыптастыру мәселелері талқыланады.
Іс-шаралар жасөспірімдерге түсінікті әрі қолжетімді форматта, практикалық жаттығулар, интерактивті тапсырмалар және ашық пікірталастар арқылы өткізіледі.
Семинарлар оқушылардың медициналық және психологиялық сауаттылығын арттыруға, денсаулыққа қауіп төндіретін мінез-құлықтың алдын алуға, өзіне-өзі көмектесу дағдыларын дамытуға, сондай-ақ физикалық және психикалық денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.





