Мемлекеттік Рәміздер

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «ҚР Мемлекеттік туы туралы», «ҚР Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік әнүранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Біздің мемлекеттік туымыздың түсі – көк. Көк түс аспанның белгісі. Бұл киелі тұс — бірлік пен ынтымаққа шақырып, барлық халықтар үшін әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен береке символына айналған. Тудың ені ұзындығының жартысына тең.

ҚР мемлекеттік туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Бірыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде – көк түс және оның түрлі реңкі адалдық, сенiмдiлiк, үміт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келеді. Ежелгі түркі тiлiнде “көк” сөзі аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркі халықтары үшін қасиетті ұғым. Түркі және әлемнің өзге де халықтарындағы көк түстің мәдени-семиотик. тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетеді деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн – уақыт, замана бейнесі. Қанатын жайған қыран құс – бар нәрсенің бастауындай, билік, айбындылық бейнесі. Ұлан-байтақ кеңістікке қалықтаған қаран ҚР-ның еркіндік сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесінің кеңдігін паш етеді. Қазақстан Республикасынынң Мемлекеттік туы – орасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нашықталған. Туымыздағы күн бейнесі – шекарамыздың бұзылмайтындығын бейнелейді. Шексіз далада ұшқан қыран, ою-өрнек – еліміздің ұлттық жиынтық белгісі. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.Көк түс қазақ халқының ұлттық реңі деп саналады. Кезінде Түркі қағанаты (552-630 ж, 682-743 ж), Хазар қағанаты (651-983 жж.), Ұлы Селжұқ қағанаты (1040-1157 жж.), Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандығының (1465-1737 жж.) бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген.

Қазақ КСР-нің (1920 — 1991 жж.) мемлекеттік жалауында да шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышандық белгісі ретінде пайдаланылады. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Яғни, тудың түсінен белгілі бір нақты географиялық ақпарат алуға болады. Ол геральдика тілінде бүкіл әлемге Қазақстан жер шарының шығысында орналасқандығын, Ұлы дала өркениетінен бастау алатын, тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениетінің өкілі екендігін баян етіп тұрғандай. Ал, күн бейнесі — байлық пен береке белгісі. Күн бейнесін салу арқылы қазақ елі өзінің жалпы адамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі екендігін аңғартып тұр. Қыран бүркіт образы қазақ халқының ұлттық дүниетанымында еркіндік, бостандық сүйгіштік, ерлік, жоғары аңсар, жан дуниесінің кеңдігі, асыл мұрат, жүрек тазалығы сияқты адамгершілік асыл ұғымдармен астасып жатады. Біздің мемлекеттік туымыз Венада ОБСЕ штаб-пәтерінің алдында шетелдегі елшілік аумағында 56 мемлекет туының арасында орналасқан. Мемлекеттік рәміздерімізге шетелдік мамандар жоғары баға берген, сонымен қатар рәміздеріміз әлемдік каталогқа енген.Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз үғым.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы 4 маусымды ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Қазіргі күні кең пайдаланудағы «герб» термині немістің «ербо» сөзінен шыққан. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы. Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты. Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады. Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық. Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Музыкасы – композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі. Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Мемлекеттік әнұран — елдің музыкалық-поэтикалық эмблемасы, әдеби-сазды төлқұжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлемхат іспеттес. Оның сазы мен сөзі сипаты мен мақсаты жөнінен біртұтас шығарманың құрамдас қос қанаты тәрізді.Өнер туындысының маңызды саяси-әлеуметтік міндет атқаруының астарында айырықша сыр бар. Ол өнердің адам жанына әсер етіп, оның іс-қимылы мен ой-аңсарына тікелей ықпал ету қасиетімен байланысты.Саз бен сөз арқылы өмірдің бүкіл бояуын, тағдырдың барлық мағыналық-әсерлік болмысын танытуға болады. Олар адам баласының ішкі дүниесін, жан ауаны мен асқақ аңсарын жайып салып, жеткізудің ең қүдіретті қүралдары саналады.Музыка мен поэзия әлеміне енген адам тылсым табиғат ырғағын тап басып, керемет күйге бөленеді. Ал ырғақ болса табиғи және әлеуметтік болмыстарды біріктіру арқылы адам жанында бүкіл тіршілікке деген ортақтас-тық сезім оятады.Мемлекеттік әнұранға да елдің намысының туы, ары-ның айнасы, жоғары отаншылдық рухының көрінісі ретінде қараған жөн. Соған лайық ән мен сөз табу қай халықтың да арманы болса керек.Мемлекеттік әнұран — өзгеше рухани туымыз. Бағзы бабалар ақылды — сары, денені — қызыл, ал рухты — көк туспен бейнелейді екен. Бұл ретте мемлекеттік тудың көк шулан реңі де ерекше мағынаға ие болады. Ал әнұранда халқымыздың бостандық сүйгіш көңілі, тари-хи тамырының тереңдігі және болашаққа деген үміті көрініс тапқан. Ол бізді көне де киелі қазақ жерінде, бейбітшілік пен береке, татулық пен ізгілік мәңгі салтанат құра беруі жолында бірігуге шақырады. Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!