Жастар денсаулығы – басты назарда

«Сенім» жастар денсаулық орталығында «Жоғары медициналық колледж» студенттеріне арналған таныстыру семинары ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың денсаулығын сақтау, психологиялық қолдау көрсету және салауатты өмір салтын насихаттау.

Семинар барысында орталық мамандары жастарға көрсетілетін медициналық және психологиялық қызметтер туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, психологтар студенттермен интерактивті форматта тренинг өткізіп, күйзелісті басқару, эмоционалдық тұрақтылықты арттыру және қарым-қатынас дағдыларын дамыту бойынша пайдалы кеңестер ұсынды.

Іс-шара аясында салауатты өмір салтын насихаттау дәрігері туберкулез ауруының алдын алу, оның белгілері мен таралу жолдары туралы дәріс оқыды. Дәріс барысында аурудың ерте анықталуының маңыздылығы мен профилактикалық шараларға ерекше назар аударылды.

Шара соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі пайдалы жауаптар алды.