Туберкулез – алдын алуға болатын дерт

Туберкулез – әлемдегі ең көп таралған инфекциялардың бірі. Туберкулез (лат. tuberculum – төмпешік), ескіше: құрт ауру, көксау – адам мен жануарларда болатын созылмалы жұқпалы ауру дегенді білдіреді. Ең алғаш рет Роберт Кох 1882 жылы туберкулез қоздырғышын ашып  жұқпалы ауру екенін дәлелдеді. Микроскоп астындағы туберкулез микробы қатты ұлғайған кезде кішкентай таяқша тәріздес болып көрінеді, сондықтан туберкулез таяқшасы деп аталды.Туберкулез көбінесе  адамның өкпесін зақымдайды, бірақ басқа мүшелерге де әсер етуі мүмкін.

Көп адамдар туберкулездің қалай жұғатындығын білмейді. Соның салдарынан ауруды өзі де жұқтырып жатады. Ендеше туберкулез қалай тарайды?

Туберкулез ауру адамнан сау адамға жұғады. Науқас жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда ауаға туберкулездің Mycobacterium tuberculosis  деп аталатын бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерімен дем алу жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті болып қала отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін. Сонымен қоса, өкпе туберкулезіне ықпал ететін негізі  факторларға: иммунитеттің төмендеуі, толыққанды тамақтанудың болмауы, маскүнемдік, темекі шегу, нашақорлық сонымен қоса ілеспе аурулардың болуы (диабет, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары) себеп болуы мүмкін.

Туберкулез ауруының негізгі белгілеріне: ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел, шаршау және әлсіздік, дене салмағының төмендеуі, температураның ұзақ көтерілуі, түнде тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру секілді белгілер жатады.

Туберкулезді қалай анықтай аламыз? Тері туберкулин сынамасы (Манту) адамның жұқтырғанын көрсетеді. Рентгенологиялық тексеру (флюорография) дан өтіңіз. Бұл тексеру өкпенің зақымданғанын көрсетеді.Және қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.Осы тексерулерден өтсеңіз өзіңізде туберкулездің бар немесе жоқ екендігін анықтай аласыз.

Көп адамды мазалататын сұрақ – туберкулездің қалай алдын аламыз? Кез келген ауруды жұқтырып алмау немесе сақтану арқылы біз ауруды өзімізге жұқтырудың алдын аламыз. Ендеше туберкулездің алдын алу шаралары туралы толыққанды айтып өтейін.

Әрине ең бірінші кезекте салауатты өмір салтын ұстану керек. Дұрыс әрі толыққанды дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақытылы  ұйқы, дене белсенділігі, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі,  дұрыс гигиеналық күтім, күн және су процедуралары таза ауада серуендеу — иммундық жүйені нығайтып, ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Шылым шегу, ішімдік ішу сияқты зиянды әдеттерден бас тарту – өкпе денсаулығын сақтауда ерекше маңызды. Сонымен қатар, жеке бастың гигиенасын сақтау, халық көп шоғырланған жерлерде бетперде тағу сияқты қарапайым ережелер де аурудың таралу қаупін азайтады.

Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады.

Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану, су процедуралары — сүртіну, құю, душ.

Жөтел этикетін сақтау.Өзіңізді сақтаңыз. Қоғамдық орындарда адамдар көп шоғырланған жерлерде маска киіңіз. Түшкіргенде немесе есінегенде ауызыңызды жабу керек.

Гигиеналық тәртіптің маңызды бөлімі дұрыс тамақтану болып табылады. Адам тәбетінің жоғарылауына ықпал ететін және ағзамен жақсы сіңіретін түрлі тағамдарды жеу керек. Тағам құрамына ақуыздар, майлар мен көмірсулардан басқа, міндетті түрде витаминдер мен минералды тұздар кіруі тиіс. Ақуыздар ет, сүт, сүзбе, жұмыртқада болады; көмірсулар — қант, нан, картоп, жармада. Витаминдер мен минералды тұздар негізінен жаңа піскен көкөністер мен жемістерде болады.

Сонымен қатар мен вакцинацияның маңыздылығын  ерекше айтып өткім келеді. Вакцинация – инфекцияның алдын алатын немесе оның салдарын әлсірететін жұқпалы ауруға қарсы иммунитетті тудыру мақсатында адам ағзасына вакцинаны енгізу. Белсенді спецификалық иммунитетті құру арқылы жеке адамдарда және қоғамда жұқпалы аурулардың дамуын болдырмау мақсатында вакциналарды қолдану өте маңызды. Туберкулездің алдын алу мақсатында вацинация ол сәби өмірге келген кезде  БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау болып табылады. Вакцинация тек бір адамның өкпе туберкулезімен ауруымен ауырмауын ғана болдырмау емес ол тұтас қоғамды жұқпалы аурудан сақтау!

Туберкулезді дер кезінде диагностикалау. Қандай ауру болмасын ауруды ерте анықтау, оны ол аурудан тез емделуіне мүмкіндік тудырады. Дер кезінде диагностикалау және дәрігер айтқанын дұрыс әрі толық орындау арқылы ауруды жеңіп шығуға болады. Ол үшін төзімділік пен сабырлылық сақтап, өзіңізге күтім жасауды тоқтатпау аса маңызды. Көп науқастардың жіберетін қателігі бұл ауру емделмейді деп ойлауы, соның әсерінен ем қабылдамауы, өз-өзін күтпеуі. Соның салдарынан жыл сайын қаншама адам өз туберкулезден көз жұмуда. Туберкулез – емделетін ауру! Тіпті біздің елімізде туберкулезді  тегін емдейді. Ауруды емдеудің терапиялық, хирургиялық, т.б. әдістері табылып, күнделікті дәрігерлік жұмыста қолданылатын болды. Санаторийлерде емделу өте пайдалы. Республикамызда  туберкулезге қарсы қажетті дәрі-дәрмекпен, емдеу орындары төсек-орынмен жеткілікті қамтамасыз етілген. Бірақ соған қарамастан туберкулез ауруынан көз жұматындар саны азаяр емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жыл сайын туберкулезбен 10 млн астам адам ауырады, туберкулезбен ауыратын 1 адам 15-20 адамға дейін жұқтырады. Қазіргі заманның медицинасының жеткен жетістіктеріне қарамастан туберкулезбен күресуге тиімді тәсілдің бірі ол эпидемияға қарсы шараларды жүргізу болып табылады. Өлім жітім құрылымы жағынан туберкулез аурушаңдығы жетекші орындардың бірін алып отыр, жыл сайын осы аурудан 4 млн-дай адам қайтыс болады. Әрине бұл адамдардың өзінің денсаулығына бей жайлығы мен жауапкершілік ала алмауынан көрініс табады. Бірақ та біз туберкулезді жеңе аламыз! Алайда әркімнің өмірі мен денсаулығы өз қолында. Сондықтан әркім өзінің және өзгенің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, оны күте білсе бұл жұқпалы аурудың санын азайтар едік.

 

Аружан Ерболқызы, Салауатты өмір салтын насихаттаушы дәрігері