14 қазан күні Байқоңыр аудандық Белсенді өмір сүру орталығында «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және салауатты өмір салтын ұстануға үндеу болды.
Шара барысында емханамыздың салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері қатысушыларға сүт безі обырының алдын алу, туберкулездің белгілері мен қорғану жолдары жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ, келушілердің қандағы қант деңгейін анықтау тесті жүргізіліп, нәтижелері бойынша кеңестер ұсынылды.
Қатысушылар дәрігермен ашық сұхбат құрып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Іс-шара жылы жүздесуге, пайдалы ақпарат алуға және өз денсаулығына көңіл бөлуге мүмкіндік берді.