Қант диабетімен ауыратын азаматтарға МӘМС аясында кешенді медициналық көмек көрсетіледі

Қант диабеті – ұзақ мерзімді бақылауды талап ететін созылмалы эндокриндік ауру. Уақытылы тексеріліп, дәрігер ұсынымдарын орындау асқынулардың алдын алуға және өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді.

2026 жылдан бастап қант диабеті диагнозы қойылған пациенттерге көрсетілетін жоспарлы медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде қаржыландырылады.

МӘМС аясында пациенттерге:

  • учаскелік дәрігер мен бейінді мамандардың кеңесі;

  • зертханалық және диагностикалық тексерулер;

  • динамикалық бақылау;

  • көрсетілімдер бойынша дәрілік қамтамасыз ету қолжетімді болады.

Қызметтерді алу үшін азаматтың МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет.

Сақтандырылу тәртібі

Егер азамат жеңілдік санатына жатпаса, ол жарнаны дербес төлей алады. Сақтандырылған мәртебесі үздіксіз 12 ай төлем жасалған жағдайда беріледі.

Жеке төлеушілер үшін ай сайынғы жарна – 4 250 теңге.

Мәртебені тексеру жолдары

Сақтандыру мәртебесін онлайн форматта бірнеше тәсілмен тексеруге болады:

  • Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы;

  • ӘМСҚ ресми сайтында;

  • Qoldau 24/7 қосымшасында;

  • eGov.kz порталында немесе eGov mobile қосымшасында;

  • банк қосымшалары арқылы.

Денсаулықты тұрақты бақылау – асқынудың алдын алудың негізгі кепілі.