7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні

2025 жылдың 7 сәуірінде атап өтілетін Дүниежүзілік денсаулық күніне орай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) басты назарды аналар денсаулығына аударуды ұйғарды. Биылғы жылдың ұраны – «Өмірге дені сау болып келу – жарқын болашақтың кепілі». Бұл тақырыптың таңдалуы жайдан-жай емес: ананың денсаулығы – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның әл-ауқаты мен болашағының өлшемі.

Ана мен жаңа туған сәбидің жағдайы – отбасының, қоғамның, тіпті мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының айнасы іспетті. Сондықтан аналар денсаулығын қорғау – бұл тек медициналық мәселе емес, бұл – адамзаттың ең маңызды құндылықтарының бірі.

ДДҰ деректеріне сүйенсек, дүниежүзінде күн сайын жүздеген әйел жүктілік кезінде немесе босану барысында түрлі асқынулардан көз жұмады. Бұл жағдайдың алдын алу – қазіргі заманғы медицинаның басты мақсаттарының бірі. Уақтылы медициналық көмек, ана мен балаға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар, сапалы медициналық қызмет пен ақпараттық-ағартушылық жұмыс – осының бәрі аналардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар.

Қазақстанда да ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі мемлекеттік деңгейде ерекше назарда. Соңғы жылдары ана өлімін азайту, перинаталдық көмекті жақсарту, медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында елеулі жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүкіләлемдік денсаулық күні – бұл әрқайсымызды ойландыратын күн. Өзіміздің, жақындарымыздың денсаулығына мән беру, аналарға қолдау көрсету – әрбір саналы азаматтың борышы. Әсіресе, аналарды қадірлеу, олардың денсаулығына қамқорлықпен қарау – ұлт болашағына салынған инвестиция десек қателеспейміз.

Себебі дені сау ана – дені сау ұрпақ!