4 ақпан – Бүкіләлемдік семіздікке қарсы күрес күніне орай емханамызда тұрғындарға арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – семіздіктің алдын алу, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Ашық есік күні барысында келушілерге медициналық мамандар тарапынан кеңестер беріліп, дене салмағы индексі (ДСИ) анықталды, бойы мен салмағы өлшенді. Сонымен қатар, семіздікке әкелетін қауіп факторлары, оның адам ағзасына тигізетін кері әсері және оның алдын алу жолдары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мамандар тұрғындарға дұрыс әрі теңгерімді тамақтану қағидалары, физикалық белсенділіктің маңызы және күнделікті өмірде пайдалы әдеттерді қалыптастыру жөнінде кеңінен түсіндірді. Іс-шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жеке профилактикалық ұсыныстар алды.



