Кеше № 8 қалалық емхана қызметкерлері «Астаналық» базарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының не екендігін, оның аясында қандай медициналық көмек көрсетілетінін, оның қазір бізде жұмыс істеп жатқан тегін медициналық көмектің кепілді көлемімен қалай байланысты екенін айтамыз», – деді №8 қалалық емхананың отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Гүлмира Дүйсембаева.
Оның мәліметінше, күннің бірінші жартысында олардан 200-ден астам адам кеңес алды. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі күшіне енеді. 2019 жылы жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жарналарын өз қаражаты есебінен қызметкер табысының 1,5%, ал 2020 жылдан бастап 2% мөлшерінде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ын енгізуге міндетті. Жалдамалы қызметкерлер 2020 жылдан бастап өз жалақысының 1%-ын аударатын болады. Медициналық сақтандыру жүйесі міндетті сипатқа ие.
Оның аясында жарналарды төлеу міндетті. Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін төленбеген жағдайда қаржылық (тұрақсыздық айыбын есептеу және өндіріп алу) және әкімшілік өндіріп алу шаралары (ескерту және айыппұлдар) көзделген.
МӘМС-ке қатысу қазақстандықтарға сапалы медициналық көмек, оның ішінде қымбат анализдер мен операциялар алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет 2020 жылдан бастап азаматтардың 13 санаты үшін жарна төлейтін болады. Олар – балалар, зейнеткерлер, соның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттегі аналар, мүгедек балаларды күтетін адамдар, тіркелген жұмыссыздар, интернаттардың тәрбиеленушілері, студенттер, қамаудағы адамдар, жұмыс істемейтін оралмандар.