Туберкулездің алдын алу

Туберкулезге қарсы айлық аясында емханамыздың салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандары №16 орта мектеп оқушыларына арналған ақпараттық-профилактикалық іс-шара өткізді.

Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында туберкулездің алдын алу, оның жұғу жолдары, алғашқы белгілері және дер кезінде анықтаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Кездесу барысында мамандар туберкулездің негізгі қауіп факторлары, алдын алу шаралары, жүйелі медициналық тексеруден өтудің қажеттілігі жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Сондай-ақ оқушылар арасында сауалнама ұйымдастырылып, олардың тақырып бойынша ақпараттылық деңгейі сараланды. Іс-шара еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алды. Осындай профилактикалық жұмыстар жас ұрпақтың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамда туберкулездің таралуын төмендетуге бағытталған.