Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, елімізде маңызды жаңа бастама қолға алынды – жаңа оқу жылынан бастап мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашыла бастады.
Мұндай кабинет Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ “№8 қалалық емхана” МКК-на қарасты Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында да ашылып, өз жұмысын бастады.
Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген “Болашаққа – сау тіспен” жол картасы аясында қолға алынып отыр және балалардың ауыз қуысы ауруларының алдын алу мен ерте диагностика жасауға бағытталған.
Ауыз қуысы аурулары – өзекті мәселе
Соңғы жылдары елімізде балалар арасындағы стоматологиялық аурулардың таралуы алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр.
Соңғы 10 жылда оқушылар арасында тіс жегісімен (кариеспен) ауыратындардың үлесі 76%-дан 78%-ға дейін артқан.
Яғни, бүгінгі таңда әр 10 баланың жетеуінде тіс жегісі кездеседі. Сонымен қатар, кариес қарқындылығы 2,7-ден 5,7-ге дейін өскен.
Мұндай жағдайдың негізгі себебі – профилактикалық тексерулердің жеткіліксіздігі мен стоматологиялық көмекке қолжетімділіктің шектеулі болуы.
Мектептегі стоматологиялық кабинет – қолжетімді және дер кезінде көмек
Жаңадан ашылған кабинет төмендегі бағыттарда қызмет көрсетеді:
- Балаларға ауыз қуысына профилактикалық тексеру жүргізу;
- Тісті емдеу мен кариестің алдын алу;
- Динамикалық бақылау жүргізу;
- Балалар мен ата-аналарға ауыз қуысы гигиенасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кабинетте тәжірибелі стоматолог дәрігер жұмыс істейді. Балаларға қызмет тегін көрсетіледі, әрі мектеп қабырғасында болуы оның қолжетімділігін арттырады.