8 қыркүйек — Дүниежүзілік физикалық терапия күні

Дүниежүзілік физикалық терапия күні жыл сайын 8 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл күн – физикалық терапия саласының маңыздылығына назар аударып, қоғамға қозғалыс пен денсаулықтың ажырамас байланысын түсіндіруге арналған халықаралық дата.

Физикалық терапия – адамның қозғалыс мүмкіндігін қалпына келтіруге, ауырсынуды азайтуға және жалпы өмір сапасын арттыруға бағытталған медициналық сала. Физиотерапевт мамандардың көмегімен көптеген адамдар күрделі жарақаттардан, инсульттан, тірек-қимыл жүйесінің ауруларынан кейін өз күшіне қайта еніп, белсенді өмір салтына оралуда.

Бүгінде физиотерапияның маңызы артып келеді. Аз қозғалатын өмір салты, кеңсе жұмысы, дене шынықтырудың жетіспеушілігі түрлі ауруларға себеп болып отыр. Мұндай жағдайда физикалық терапия тек емдеу әдісі ғана емес, аурудың алдын алудың тиімді құралына айналып отыр.

Дүниежүзілік физикалық терапия күні — өз ісіне берілген, мейірімділік пен кәсібилікті ұштастыра білген физиотерапевт мамандарға алғыс білдіретін күн. Олар адамның денсаулығын қалпына келтіруде, өмірге деген құлшынысын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Біз барлық физиотерапевт мамандарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз! Сіздердің еңбектеріңіз – қоғам үшін аса бағалы!