4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке күрес күніне орай емханамызда леция ұйымдастырылды. Қалалық онкология орталығының мамандарымен өткен іс-шарада біздің қызметкерлер белсенділік танытты.
Қатерлі ісік – өз бетінше жедел өршіп, мутациялануынан туындайтын ауру түрі. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін адам өмірін жалмайтын қатігез бұл аурудың 100-ден астам түрі бар екен, егер науқас адам қатерлі ісіктің 1-2 сатысында анықталса, оның толықтай емделіп шығуына мүмкіндік жоғары.
Бүгінгі шарада Астана қаласының Көпсалалы медицина орталығының маммолог дәрігері Юрий Жуков пен онкогинеколог дәрігері Жанна Саттарқызы онкологиялық аурулардың ішінде кеңінен таралған жатыр мойны обыры мен сүт безі қатерлі ісігі туралы емхана мамандарына баяндама жасады.
Ю. Жуковтың айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі әйелдердегі барлық онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында және көп жағдай кеш анықталатындықтан, жоғары өлімге әкеледі.
«ҚР-да жыл сайын 3 мыңнан астам әйел сүт безі қатерлі ісігімен ауырады. Егер ауру ерте анықталса, үздік нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Сондықтан профилактикалық тексерулер, сондай-ақ сүт бездерін өзін-өзі тексеру өте маңызды. Қазақстанда маммографиялық скрининг бағдарламасы жұмыс істейді, осы бағдарламаның арқасында сүт безі обырын ерте сатысында анықтауды 70 пайызға дейін арттыруға қол жеткізілді», — дейді дәрігер. Ол сондай-ақ жиі түсік жасату, балаларды емізбеу, сүт безінің жарақаты және темекі шегу сияқты қауіп факторларын ерекше атап өтті.
Лекторлар жұмыс барысындағы нақты тәжірибелерімен бөлісті. Жанна Саттарқызы жатыр мойны обырының түрлері, елордалық әйелдер арасында өршіген жағдайлар, симптомдар және ең бастысы – аурудың алдын алу туралы айтып берді.
Қатерлі ісіктің негізгі профилактикалық шарасы — жатыр мойнынан және жатыр мойны каналын зерттеу арқылы жасалатын жаппай скрининг. Тексерісті жыныстық өмір басталғаннан кейін қолға алу ұсынылады, бірақ 30 жастан кешіктірмей, әр 4 жыл сайын әрбір әйел баласы тексеріліп отыруы қажет.
«Жатыр мойны обырының алдын алу фондық аурулар мен жыныстық инфекцияларды ерте анықтауды және емдеуді, жыныстық серіктестер санын шектеуді, кездейсоқ жыныстық қатынастарда тосқауыл контрацепциясын қолдануды талап етеді. Тәуекел тобындағы науқастарға кеңейтілген кольпоскопия және цитологиялық зерттеуді жүргізе отырып, жарты жыл сайын кемінде 1 рет гинекологтың қарауынан өту қажет», — деп атап өтті дәрігер.