Нұр-Сұлтанда соғыс ардагерлері үшін кешенді денсаулық тексерісі ұйымдастырылды

Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Белсенді ардагер» айлығы басталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Акция 29 сәуірден 29 мамырға дейін жалғасады. Шара Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының және оларға теңестірілген тұлғалардың денсаулығына жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған.

Әкімдікте өткен брифингте қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов айлық барысында акцияның барлық қатысушылары үшін дәрігерлік тексерулер мен консультациялар, сондай-ақ қосымша функционалдық зерттеулер, консультациялық-диагностикалық көмек, стационарлық және санаториялық емге квота беру сияқты диагностикалық, аспаптық-зертханалық зерттеулер мен емдеу-сауықтыру іс-шаралары кешені қарастырылғанын мәлімдеді.

«Кешенді тексеру бағдарламасы (сһеск-up пакет) терапевтің, гастроэнтерологтың, кардиологтың, урологтың қабылдауын, қанның, несептің жалпы талдауын, қандағы қант пен холестерин деңгейін анықтауды, ЭКГ, МРТ, КТ жүргізуді, құрсақ қуысын УДЗ-ді қамтиды.

Біздің ардагерлер үнемі бақылауда. Бірақ жылына бір рет денсаулықтың кешенді тексерілуін мерекеге орайластырамыз.Акцияны осы ай ішінде өткіземіз», – деп атап өтті М.Шоранов.

Басқарма басшысының айтуынша, кешенді тексеруден ҰОС-ның барлық қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғалар тегін өтеді.

Шорановтың айтуынша, қажет болған жағдайда ардагерлер үшін үйдегі стационарлар ұйымдастырылады, мультидисциплинарлық бригадалардың шығулары қамтамасыз етіледі.

«Учаскелік дәрігерлер ғана емес, қажет болған жағдайда мамандар әр ардагердің үйіне бара алады. Сондай-ақ ардагерлер тиісті медициналық ұйымдарға жеткізіледі», – деп түсіндірді ол.

Медицина мамандарынан өзге психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.

«Медицина мамандарының міндеті – барлық әлеуметтік органдар мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, біздің ардагерлеріміздің барлық мұқтаждықтарына, тек медициналық ғана емес, кешенді назар аудару», – деді М.Шоранов.

Спикер, сондай-ақ, ардагерлердің денсаулығын сақтау бір реттік ғана акция емес екенін атап өтті.

Мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.

«2014 жылдың наурыз айынан бастап қалалық №4 емхана базасында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға орталықтандырылған медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдастырылып келеді. Арнайы кесте құрылды. Оған сәйкес біздің дәрігерлеріміз ай сайын ардагерлердің денсаулық жағдайын бақылап отырады. Қандай да бір аурудың белгілері болған кезде, қажетті тексерулер жүргізіледі. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі, алайда мереке қарсаңында біз осы санаттағы адамдардың проблемаларына назар аударуды жөн көрдік. Олардың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін барынша жағдай жасау – біздің қасиетті парызымыз» – деп толықтырды Марат Шоранов.

astana.gov.kz