2024 жылдың 8 қараша күні Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында маңызды әлеуметтік мәселе — туберкулездің алдын алуға арналған лекция өтті. Лекцияның негізгі мақсаты — жастар арасында туберкулез туралы дұрыс ақпарат таратып, оның алдын алу жолдарын түсіндіру болды.
Іс-шара барысында СӨС дәрігері туберкулездің қоғам үшін қауіп-қатерлі ауру екенін атап өтіп, оның таралу себептері, белгілері мен аурудан сақтану шаралары жайында маңызды мәліметтер берді. Оқушыларға туберкулездің инфекция арқылы жұғатыны, сондай-ақ аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дер кезінде дәрігерге жүгінудің маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар, туберкулездің алдын алудың ең тиімді жолы – салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі мен тазалықты сақтау екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, вакцинацияның, мерзімді медициналық тексерулердің және қоғамдық орындарда сақтық шараларын қолданудың маңызы түсіндірілді.
Лекция соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, мамандардан толық жауап алды. Бұл іс-шараның мақсаты — жастардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауына ықпал ету, сондай-ақ туберкулездің алдын алу туралы білімдерін арттыру болды.