2026 жылғы 29 мамырда емханамызда медициналық колледж студенттеріне арналған Ашық есік күні өтті.
Іс-шара 2025–2027 жылдарға арналған «Адал азамат» идеалына сәйкес жол картасы аясында ұйымдастырылды.
Ашық есік күнінің негізгі мақсаты – студенттерді медициналық ұйымның қызметімен таныстыру, денсаулық сақтау саласындағы заманауи жұмыс үдерістерін көрсету және болашақ мамандардың кәсіби бағдарын қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында студенттер емхананың құрылымдық бөлімшелерінің жұмысымен танысып, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру ерекшеліктері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, медициналық құжаттаманы жүргізу тәртібі, пациенттерді қабылдау алгоритмдері және Кешенді медициналық ақпараттық жүйенің (КМАЖ) мүмкіндіктері көрсетілді.
Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, денсаулық сақтау саласындағы кәсіби даму мүмкіндіктері, медициналық этика қағидаттары және заманауи медицинадағы цифрлық технологиялардың рөлі туралы кеңінен әңгімеледі.
Ашық есік күні болашақ медицина қызметкерлерінің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруына, кәсіби қызығушылықтарын арттыруға және денсаулық сақтау ұйымының қызметімен жан-жақты танысуына мүмкіндік берді.




