Қарттар күніне орай Байқоңыр аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандары арнайы ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында егде жастағы адамдар арасында тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу шаралары түсіндірілді. Мамандар жеке бас гигиенасын сақтау, бөлмені жүйелі түрде желдету, адамдар көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстану және ауру белгілері байқалған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, сапалы ұйқы және күн тәртібін сақтау секілді салауатты өмір салтының негізгі қағидалары бойынша ұсынымдар берілді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, денсаулықты нығайтуға бағытталған пайдалы кеңестермен танысты.
Аға буынның денсаулығына қамқорлық – белсенді әрі сапалы ұзақ өмір сүрудің маңызды шарты.




