Жылы маусым — тек табиғат аясындағы демалыс қана емес, сонымен қатар кенелердің белсенділігі артатын кезең. Олардың шаққаны жиі байқалмай қалады, алайда дәл осы арқылы ауыр асқынуларға, созылмалы ауруларға, ал кейбір жағдайларда мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін қауіпті инфекциялар жұғады.
Өткен аптада ғана Қазақстанда кене шаққан 1599 жағдай тіркелді, олардың 717-сі (45%) — балалар арасында. Профилактикалық иммуноглобулин 1462 адамға (91,4%) енгізілді. Ең көп жүгінулер Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында тіркелген.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ескертеді: әр кене жұқпалы емес, бірақ кез келген кене шаққан жағдайда міндетті түрде назар аудару қажет. Кененің сыртқы көрінісіне қарап оның инфекция тасымалдаушы екенін анықтау мүмкін емес.
Кене шаққан арқылы берілетін қауіпті инфекциялардың бірі — кене энцефалиті. Бұл орталық жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық ауру. Ол ауыр неврологиялық асқынуларға, мүгедектікке, ал кейбір жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар вирус жұққан кене адамға жабыса салысымен алғашқы минуттарда-ақ инфекцияны жұқтыра алады.
Кене шаққан арқылы сондай-ақ келесі аурулар да таралуы мүмкін:
• туляремия
• Лайм ауруы (кене боррелиозы)
• Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы
• қайталамалы сүзек
• риккетсиоздар
Кенелер ең белсенді кезеңде сәуірден қазанға дейін болады. Дегенмен кене шақу қаупі тек орман немесе тауда ғана емес — олар саябақтарда, аулаларда, саяжайларда, шөп басқан жерлерде және бұталар арасында да кездеседі.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Табиғатқа шығар алдында сақтық шараларын сақтау маңызды:
• ұзын жеңді, манжеті бар жабық киім киіңіз;
• шалбарды шұлықтың ішіне салыңыз;
• бас киім және жабық, биік аяқ киім таңдаңыз;
• ашық түсті киім киіңіз — кенені байқау жеңілірек болады.
Репелленттерді қолдану
Қосымша қорғаныс үшін кенелерді үркітетін арнайы құралдар — репелленттер қолданыңыз.
Репеллентті дұрыс қолдану ережелері:
• алдымен киімге жағыңыз;
• теріге қолданғанда алдымен алақанға бүркіп, содан кейін ашық жерлерге жағыңыз, көз және шырышты қабаттарға тигізбеңіз;
• балаларға қолданғанда алдымен ересектің алақанына бүркіліп, кейін баланың терісіне жағылады.
Әсіресе биік шөп, бұталар, саябақтар, саяжайлар, орман және таулы аймақтарға барғанда репеллент қолдану өте маңызды.
Серуен кезінде биік шөп пен қалың өсімдіктерден аулақ болып, ашық әрі көрінетін жолдармен жүрген жөн.
Серуеннен кейін не істеу керек?
Үйге келген соң денені мұқият тексеру қажет. Әсіресе терісі жұқа аймақтарға назар аударыңыз: мойын, құлақ арты, қолтық асты, шап аймағы және бастың шашты бөлігі. Балалар мен үй жануарларын да тексеру керек — кенелер үйге солар арқылы түсуі мүмкін.
Егер кене табылса
Жабысып тұрған кенені анықтаған жағдайда мүмкіндігінше тезірек медициналық ұйымға жүгініп, оны қауіпсіз алып тастау және шұғыл профилактика (иммуноглобулин) қажеттілігін шешу ұсынылады.
Егер ондай мүмкіндік болмаса:
• кенені арнайы қысқышпен немесе пинцетпен, теріге мүмкіндігінше жақын жерінен ұстаңыз;
• оны жоғары қарай баяу, бірқалыпты қимылмен абайлап шығарыңыз;
• шаққан орынды антисептикпен өңдеңіз;
• қолды сабынмен мұқият жуыңыз;
қажет болған жағдайда кенені герметикалық ыдысқа салып, зерттеуге тапсырыңыз.
Кенені алып тастағанда не істеуге болмайды:
• қолмен жаншу;
• бұрап немесе кенеттен жұлып алу;
• май, спирт, вазелин, лак және басқа да «халықтық әдістерді» қолдану;
• күйдіруге тырысу.
Мұндай әдістер инфекция жұқтыру қаупін арттырады.
Дәрігерге қашан қаралу керек?
Кене шаққаннан кейін 30 күн бойы жағдайды мұқият бақылау қажет. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет ауыруы немесе бөртпенің пайда болуы — дереу медициналық көмекке жүгінуге себеп. Егер кене шаққан болса, бұл туралы міндетті түрде медицина қызметкеріне хабарлау қажет.
Кене энцефалитінен қорғанудың ең сенімді жолы — вакцинация. Вакцина тұрақты иммунитет қалыптастырып, аурудың ауыр өту қаупін айтарлықтай төмендетеді. Әсіресе табиғатта жиі болатын, эндемиялық аймақтарда жұмыс істейтін немесе демалатын адамдар үшін маңызды.
Вакцина бар болса да, жеке қорғану шараларын сақтау міндетті. Табиғат денсаулыққа қауіп емес, демалыс сыйлауы тиіс. Қорғаныс үйден шығар алдында басталады.



