5 сұрақ ЖМЗЖ

  1. Зейнетақы жүйесінің деңгейлері туралы әңгімелеп берсеңіз, базалық және ортақ зейнетақы дегеніміз не? Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

Бүгінде Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар:

1) мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына (еңбек өтіліне) байланысты ортақ зейнетақы;

2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі;

3) ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе.

Алғашқы деңгей бойынша ортақ зейнетақы — ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген жүйе. Келешекте ол біртіндеп азайып, 2040 жылдары мүлдем тоқтатылады. Өйткені, ортақ зейнетақыны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 ай болуы керек.

Базалық зейнетақы да ортақ зейнетақы секілді мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленеді. Алайда 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бұл ретте оны тағайындауда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады.

Екінші деңгей бойынша міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушілер аударады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Осы жарналардың есебінен қалыптасқан жинақтар салымшының меншігі болып табылады және мұраға қалдырылады.

2020 жылдан бастап жарналардың жаңа түрі — жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланған. Бұл жарналардың көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды.

Үшінші деңгей бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері және төлеу тәртібі салымшы мен Қордың өзара келісімі бойынша белгіленеді. Бұл  жарналар арқылы салымшы өз жинақтарын елеулі түрде көбейте алады. Осылайша Қазақстанда бірегей зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген.

 

  1. Менің туған жылым — 1988 жыл. Мен ортақ зейнетақыға үміт арта аламын ба?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11 бабына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтардың ортақ зейнетақы алуға құқығы бар. 1998 жылы Сіз 10 жаста болғансыз. Сәйкесінше еңбек өтіліңіз болмағандықтан ортақ зейнетақы ала алмайсыз. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақы алатын боласыз. Биыл базалық зейнетақының мөлшері — 25 274 теңге. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді. Алайда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Соған сәйкес зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болады. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады (биыл оның көлемі — 28 284 теңге) және одан асырылмайды.

2040 жылдары зейнеткерлікке шығатын азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Өйткені, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмайды. Сондықтан қазіргі жастар үшін Қорға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды.

Бұл үшін ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбек қатынасын заңдастыру қажет. Сөйтіп, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отырған жөн. Қордағы зейнетақы жинақтарының қомақты болуы жарналардың көлеміне және жиілігіне тікелей байланысты. Ал жалақысын бейресми түрде «конвертпен» алатындардың болашақта алатын зейнетақысының мөлшері тым аз болуы мүмкін. Өйткені, Қорға бірде-бір жарна аудармай зейнеткерлікке шығатын  азаматтар тек базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Сондықтан болашақта лайықты зейнетақы алу үшін осы бастан қамданып, зейнетақы Қорына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрған абзал.

 

  1. Ерікті зейнетақы жарналары туралы естідім. Оларды кім төлей алады? Бұл үшін қандай құжаттар керек?

Салымшылар мен алушылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарынан басқа ерікті зейнетақы жарналарын да аудара алады. Ерiктi зейнетақы жарналары — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды.

Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт БЖЗҚ мен салымшы арасында жазбаша түрде жасалады және қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Шарт жасасу Қорға салымшы (алушы) жеке өзі келгенде жүзеге асырылады. Егер шарт үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуі тиіс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкілі немесе оның орнына нотариат куәландырған сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға өтініш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшінші адамның пайдасына шарт жасау үшін алушы да екеуі жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшінші адамның пайдасына шарт жасасу үшін тиісті құжаттар топтамасын ұсынады. Кәмелетке толмаған тұлғалар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шарта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және кету ниетiн немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

 

  1. Жұмыс беруші қандай жағдайда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті?

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Бұл жарналарды жұмыс берушілер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейді.

Еңбек жағдайлары зиянды кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген Тізбеде көрсетілген. Егер, еңбек өнімділігі жақсарып, денсаулыққа зиянды жағдайлар жойылатын болса және ол өндірістік нысандарды аттестаттау нәтижесімен расталса, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Жұмыскер жалақы алғанына қарамастан жұмыс беруші уақтылы ұстап қалмаған (есепке жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агент оларды уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күн үшін (Мемлекеттік корпорацияға төлеу күнін қоса алғанда) есепке жазылған өсімпұлмен бірге жұмыскерлердің пайдасына аударуға тиіс.

Мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

 

  1. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз. Бұл жарналар қашан енгізіледі?

2020 жылдан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайларына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық жалақысының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударып отырады.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыс берушінің ұсынған тізімі бойынша әрбір жұмыскердің атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Бұл төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестіру арқылы жүзеге асырылады.

Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сәйкесінше алғашқы төлемдер 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.