Метаболикалық бұзылыстарды түзету және жасөспірімдер мен жастар арасында семіздіктің алдын алу үшін нутрициялық қолдаудың негіздері
Астана қаласындағы №8 қалалық емхана жанындағы «Сенім» жастар денсаулық орталығында Астана медицина университетінің мамандары арнайы тақырыптық дәріс өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас буын арасында метаболикалық бұзылыстардың алдын алу, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және семіздіктің дамуын ерте кезеңде тежеу болды.
Дәріс барысында мамандар нутрициялық қолдаудың негізгі қағидаларын түсіндіріп, ағзаның зат алмасу процестеріне әсер ететін факторларға тоқталды. Сонымен қатар, теңгерімді тамақтанудың маңызы, макро- және микронутриенттердің дұрыс арақатынасы, сондай-ақ күнделікті рационды тиімді жоспарлау жолдары қарастырылды.
Қатысушыларға артық салмақтың тек эстетикалық мәселе емес, жүрек-қантамыр жүйесі, эндокриндік жүйе және жалпы денсаулыққа тікелей әсер ететін күрделі медициналық жағдай екені түсіндірілді.



