4 наурыз – Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес күні

Жыл сайын 4 наурызда Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күн Дүниежүзілік семіздік федерациясы бастамасымен өткізіледі және бүкіл әлем бойынша семіздіктің алдын алу мен емдеуге бағытталған іс-қимылдарды күшейтуге арналған.

2025 жылғы науқан артық салмақ пен семіздікке шалдыққан адамдарды қолдауға, сондай-ақ халықтың барлық топтарының, әсіресе балалардың денсаулығына ерекше назар аударуға бағытталған. Федерацияның болжамы бойынша, 2035 жылға қарай әлем халқының жартысына жуығы артық салмақ пен семіздікке ұшырауы мүмкін.

Семіздік – қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі

Семіздік – ағзада май тінінің шамадан тыс жиналуымен сипатталатын көп факторлы созылмалы ауру. Ол 200-ден астам аурудың даму қаупін арттырады. Соның ішінде:

  • 2-типті қант диабеті;

  • жүрек-қантамыр аурулары;

  • тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары;

  • репродуктивтік жүйе мәселелері;

  • кейбір онкологиялық аурулар.

Семіздік адамның өмір сапасына кері әсер етіп, ұйқының бұзылуына, қозғалыс белсенділігінің төмендеуіне және психоэмоционалдық күйзелістерге әкелуі мүмкін.

Артық салмақ пен семіздікті анықтау

Ересектерде дене салмағы индексі (ДСИ) бойынша бағаланады:
ДСИ = салмақ (кг) / бой² (м)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жіктемесіне сәйкес:

  • ДСИ ≥ 25 кг/м² – артық салмақ;

  • ДСИ ≥ 30 кг/м² – семіздік.

Балаларда бағалау жасына және жынысына сәйкес арнайы өсу кестелері бойынша жүргізіледі.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша:

  • 2025 жылдың 6 айында алғаш рет анықталған семіздік көрсеткіші – 48,2 жағдай (100 мың тұрғынға шаққанда), яғни 4910 адам;

  • 2024 жылы ересектер арасында – 42,6;

  • 2024 жылы 0–17 жас аралығындағы балалар арасында – 50,4;

  • Жасөспірімдер арасында көрсеткіш айтарлықтай жоғары.

2020 жылғы COSI зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, 6–9 жастағы балалардың 20,6%-ында артық салмақ бар, оның ішінде 6,6%-ы семіздікке шалдыққан.
2024 жылғы STEPS зерттеуі бойынша, ересек тұрғындардың 58,6%-ында артық салмақ, оның ішінде 22,4%-ында семіздік тіркелген.

Негізгі себептер

Семіздіктің өсуіне әсер ететін факторлар:

  • қант қосылған сусындар мен жоғары калориялы өнімдерді жиі тұтыну;

  • таңғы асты өткізіп жіберу;

  • жеміс-жидек пен көкөністі жеткіліксіз пайдалану;

  • экран алдында ұзақ отыру және қозғалыс белсенділігінің төмендігі;

  • әлеуметтік және отбасылық әдеттер.

Алдын алу шаралары

Семіздіктің алдын алу ерте жастан басталуы тиіс. Негізгі ұсыныстар:

  • жүктілік кезінде салмақ қосудың ұсынылған нормаларын сақтау;

  • алғашқы 6 айда тек ана сүтімен қоректендіру;

  • күн сайын кемінде 30 минут орташа қарқынмен қозғалу (ересектерге – аптасына кемінде 150 минут);

  • экран алдында өткізілетін уақытты шектеу;

  • тәтті сусындар мен жоғары калориялы тағамдарды азайту;

  • тәулігіне кемінде 500 г жеміс-жидек пен көкөніс тұтыну;

  • еркін қант мөлшерін тәуліктік энергия құндылығының 10%-ынан асырмау;

  • жеткілікті ұйқы мен күйзеліске төзімділікті қалыптастыру.

Семіздік созылмалы ауру ретінде медициналық бақылауды талап етеді. Диагнозды тек білікті медицина қызметкері қояды. Емдеу кешенді болуы тиіс: тамақтануды түзету, физикалық белсенділікті арттыру, қажет болған жағдайда дәрілік немесе хирургиялық ем және ұзақ мерзімді динамикалық бақылау.

Балаларға ерекше көңіл бөлу қажет. Балалық шақтағы семіздік ересек жастағы созылмалы аурулардың ерте дамуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, мұндай балалар стигматизация мен психологиялық қысымға жиі ұшырайды.

Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес күні – бұл қоғамды ақпараттандыруға және әрбір адамға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақыратын маңызды күн. Салауатты таңдау – қолжетімді әрі оңай болуы тиіс.