Күз-қыс маусымының басталуымен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау ауруларының көбеюі әдеттегі жағдай. Инфекциялардың таралуының алдын алу мақсатында Астана қаласының медициналық ұйымдары тұрғындарға аурудың алдын алу шараларын сақтау және дер кезінде дәрігерге қаралу қажеттігін еске салады.
Дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрынның бітелуі, әлсіздік сияқты ауру белгілері байқалған жағдайда, өзін-өзі емдеумен айналыспай, тіркелген медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымына жүгіну ұсынылады.
Қаланың барлық емханаларында ЖРВИ белгілері бар науқастарды қабылдап, пациенттерді қарап-тексеру, экспресс-диагностика, қажет болған жағдайда ем тағайындайтын сүзгі-кабинеттер мен жедел көмек кабинеттері жұмыс істейді.
Сүзгі-кабинеттер мен жедел көмек кабинеттерінің жұмыс уақыты:
— жұмыс күндері – сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін;
— демалыс және мереке күндері – сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін.
Сонымен қоса, МСАК ұйымдарында үйге шақырту арқылы қызмет көрсететін мобильді бригадалар жұмыс істейді.
Инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін мамандар сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу;
- бөлмелерді жиі желдетіп, ылғалды тазалау жүргізу;
- жеке гигиена ережелерін сақтау, көшеден соң қолды жуу;
- иммунитетті нығайту, дұрыс тамақтану, ұйқы және демалыс режимін сақтау;
- жөтел немесе түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды бір реттік майлықпен немесе шынтақпен жабу;
- өзін жайсыз сезінген жағдайда үйде қалып, медициналық көмекке жүгіну.
Өз денсаулығына ұқыпты қарау және дер кезінде дәрігерге қаралу асқынулардың алдын алып, елорда тұрғындарының саулығын сақтауға мүмкіндік береді.



